Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда: Ақтөбеде мектеп директорларымен кеңес өтті
Ақтөбе облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Ақтөбе қаласындағы мектеп директорларымен оқушыларды ұйымдасқан түрде қауіпсіз тасымалдау мәселелеріне арналған жұмыс кеңесін өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында мектеп оқушыларын білім беру ұйымдарына, экскурсияларға, спорттық жарыстарға және мәдени-көпшілік іс-шараларға тасымалдау кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді. Ерекше назар қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, балаларды тасымалдайтын көлік құралдарының техникалық жарамдылығы, жүргізушілердің жауапкершілігі және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне аударылды.
Сонымен қатар кеңес барысында балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ұйымдасқан тасымалдау кезінде олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша мектеп директорларына профилактикалық жұмысты жандандыру, сондай-ақ оқушыларды тасымалдау кезінде барлық қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсынымдар берілді.
Ақтөбе облысы полиция департаментінде балалардың жолдағы қауіпсіздігі әрдайым басым бағыттардың бірі екені атап өтілді. Оқушыларды ұйымдасқан түрде тасымалдау қағидаларын сақтау – олардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың және жол-көлік оқиғаларының алдын алудың маңызды кепілі.
