Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бурабайда демалыс күндері 70-тен астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және табиғат қорғау заңнамасының талаптарының орындалуын бақылауға бағытталған мемлекеттік инспекторлар мен полиция қызметкерлерінің бірлескен рейдтік іс-шаралары жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен демалыс күндерінің өзінде полицейлер 70-тен астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Олардың қатарында жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасының талаптарын сақтамау фактілері тіркелді.

Рейд қорытындысы бойынша ұлттық парк инспекторлары 10 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде сегіз жүргізуші жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан тыс орман алқабына көлікпен кіргені үшін жауапқа тартылса, бір азамат туристік қызметті тиісті рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырғаны үшін, тағы бір адам орман аумағын ластағаны үшін әкімшілік жазаға тартылды.

Мамандардың айтуынша, көлік құралдарының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан тыс қозғалысы ұлттық парктің бірегей экожүйесіне елеулі зиян келтіреді. Мұндай әрекеттер топырақ жамылғысын бүлдіріп, өсімдіктер дүниесіне залал тигізеді. Сондай-ақ парк аумағында туристік қызметпен айналысу үшін белгіленген тәртіпке сәйкес "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен шарт жасалып, әрбір туристік бағыт бойынша маршруттық парақ ресімделуі тиіс.

Бірлескен рейдтік іс-шаралар туристер көп шоғырланатын орындарда тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу, Бурабайдың табиғи мұрасын сақтау және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Полиция қызметкерлері мен "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әкімшілігі өңір тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын қатаң сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады. Себебі әрбір құқық бұзушылық заң алдында жауапкершілікке әкеледі, ал Бурабайдың бірегей табиғатын сақтау – әрбір келушінің ортақ міндеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру