Атырауда бүлдіршінді қауіптен құтқарған азаматқа полиция басшылығы алғыс білдірді
Атырауда көшеде қараусыз жүрген кішкентай баланы дер кезінде байқап, қауіптің алдын алған 38 жастағы Дастан Бозаевқа Атырау облысы полиция департаментінің басшылығы алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Азамат бейжай қалмай, ересектердің қарауынсыз жүрген бүлдіршінді қауіпсіз жерге шығарып, оның ата-анасын іздестіруге көмектесті. Жедел жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бала көп ұзамай ата-анасына аман-есен табысталды.
Атырау облысы полиция департаменті Дастан Бозаевтың жоғары азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігін ерекше бағалап, оған алғыс хат табыстады.
Мұндай игі іс – қоғамдағы өзара жанашырлықтың, азаматтық жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарының айқын көрінісі. Кейде қайғылы жағдайдың алдын алу бір адамның бейжай қарамай, дер кезінде әрекет етуінен басталады.
Полиция департаменті тұрғындарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге, қараусыз қалған немесе көмекке мұқтаж жандарды көрген жағдайда бейжай қалмауға шақырады. Осындай сергектік пен азаматтық белсенділік көптеген келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қауіпсіз қоғам – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.
