Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосқан азамат марапатталды

Атырау қаласының бас полицейі қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосқан азаматты марапаттады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық тәртіптің сақталуына бейжай қарамай, құқық бұзушылық туралы полицияға дер кезінде хабар берген азамат Атырау қаласы полиция басқармасының бастығы Айдар Қасановтың Алғыс хатымен марапатталды.

Азаматтың жауапкершілігі мен жедел әрекетінің нәтижесінде құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар қысқа мерзімде анықталып, оларға қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Айта кетейік, 6 шілде күні сағат 04:00 шамасында Атырау қаласында бір топ азамат түнгі тыныштықты бұзған. Оларға ескерту жасаған тұрғынға қатысты күш қолданылып, тұрғын үйдің терезесі сындырылған. Осыдан кейін азамат дереу 102 арнасына хабар берген. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылыққа қатысы бар төрт азамат анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

- Заң бұзушылыққа бейжай қарауға болмайды. Осындай жағдайларда әрбір азамат азаматтық жауапкершілік танытып, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар бергені дұрыс деп есептеймін. Қоғамдық қауіпсіздік – баршамызға ортақ іс, – деді қала тұрғыны.

Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамайтын белсенді азаматтарға ризашылығын білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру