Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жолдағы жанашырлық: Абай облысында полицейлердің қамқорлығы жүргізушілерді тәнті етті

Қарағанды облысының тұрғыны Қарағандыдан Семейге бағыт алған сапары кезінде куә болған ерекше оқиға туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның айтуынша, Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында олардың көлігін полиция қызметкерлері тоқтатқан. Жол жиегінде патрульдік полиция көлігі мен жедел жәрдем бригадасын көрген жолаушылар алғашында жол-көлік оқиғасы болды немесе арнайы тексеру жүргізіліп жатыр деп ойлаған.

Алайда көлікті тоқтатудың себебі мүлде басқа болып шықты.

Бесқарағай ауданында 80-нен астам автокөлік қатысқан ерекше профилактикалық іс-шара өтті.

Полиция қызметкерлері медицина мамандарымен бірлесіп, ұзақ жол жүрген жүргізушілер мен жолаушыларға арналған профилактикалық акция ұйымдастырған. Іс-шара барысында жол қозғалысына қатысушыларға аз уақыт аялдап, тынығу ұсынылып, қалаған азаматтардың қан қысымы тегін өлшенді. Сондай-ақ жүргізушілерге су мен ыстық кофе таратылды.

— Шынымды айтсам, мұндай жанашырлық пен қамқорлықты күтпедік. Полиция қызметкерлері мен медицина мамандарына осындай игі бастама үшін зор алғысымызды білдіреміз. Адам өмірі мен қауіпсіздігін ойлаған мұндай ізгі істер әрдайым құрметке лайық, — деп жазды тұрғын әлеуметтік желідегі парақшасында.

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровтың тапсырмасына сәйкес өңірдің автожолдарында жүргізушілердің шаршауы мен көлік тізгінінде қалғып кетуінен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейтілді.

Әсіресе түнгі және таңғы уақыттағы қозғалысқа ерекше көңіл бөлінуде. Мамандардың айтуынша, бірнеше сағат бойы үзіліссіз көлік басқарған адамның зейіні әлсіреп, реакциясы баяулайды. Кей жағдайда жүргізуші өзінің қалғып кеткенін де аңғармай қалуы мүмкін.

Мұндай сәттерде көлікті басқаруды бір мезетке жоғалтудың өзі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетуге немесе адам өміріне қауіп төндіретін ауыр жол апатына әкелуі ықтимал.

Полицейлер мұндай қайғылы оқиғалардың салдарын күн сайын көріп жүргендіктен, жүргізушілерді жазалау немесе тексеру үшін емес, олардың амандығын қамтамасыз ету мақсатында тоқтатады. Олар шаршаған жолаушыларға су ұсынып, ыстық кофе беріп, аз уақыт тынығып алуға кеңес береді.

Өйткені кейде жолдағы бірнеше минуттық үзіліс орны толмас қайғының алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Осындай профилактикалық іс-шаралар медицина қызметкерлерімен бірлесіп, Абай облысының барлық автожолдарында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Полиция жүргізушілерге көлік тізгінінде ұйқымен күреспеуге кеңес береді. Егер шаршағаныңызды немесе көзіңіз ілініп бара жатқанын сезсеңіз, міндетті түрде қауіпсіз жерге тоқтап, демалыңыз.

Жолда бірнеше минут жоғалтқан әлдеқайда дұрыс. Себебі кейде бір секундтық қателік адамның тағдырын өзгертіп, орны толмас өкінішке себеп болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру