Сенім мен жауапкершілік: тәртіп сақшысының күнделікті қызметі
Учаскелік полиция инспекторы – халықпен ең жақын жұмыс істейтін тәртіп сақшысы. Ол күн сайын тұрғындардың мәселесін тыңдап, құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторларының атқаратын қызметі ерекше. Олар тұрғындармен күн сайын тығыз байланыс орнатып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың мәселелерін шешу бағытында маңызды міндеттерді жүзеге асырады.
Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Асар Бейсембаев.
Оның жұмыс күні қызметтік нұсқамадан басталады. Күнделікті міндеттерін пысықтаған соң, ол өзіне бекітілген әкімшілік аумақты аралап, тұрғындармен кездеседі, олардың өтініштері мен арыз-шағымдарын қарайды. Әрбір мәселе мұқият зерделеніп, заң талаптарына сәйкес тиісті шешім қабылданады.
Учаскелік инспектордың негізгі бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осы мақсатта ол профилактикалық есепте тұрған азаматтармен тұрақты жұмыс жүргізіп, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу шараларын ұйымдастырады, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, заң аясында тиісті шаралар қабылдайды.
Сонымен қатар полиция қызметкері тұрғындармен, білім беру ұйымдарының өкілдерімен кездесулер өткізіп, интернет-алаяқтық, ұрлық және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Учаскелік полиция инспекторы үшін тұрғындардың сенімі мен қауіпсіздігі – басты құндылық. Халықпен етене жұмыс істей отырып, Асар Бейсембаев азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға және "Заң мен тәртіп" қағидатын орнықтыруға өз үлесін қосып келеді.
