Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтар арасында үстел теннисінен турнир өтті

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында пробация есебінде тұрған азаматтар арасында үстел теннисінен спорттық турнир ұйымдастырылды. Іс-шара Қармақшы аудандық прокуратурасының, пробация қызметінің және аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің бірлесуімен өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарыстың басты мақсаты – есептегі азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды салауатты өмір салтына баулу және қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету.

Спорттық додаға 30-дан астам азамат қатысып, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін танытып, өзара шеберлік сынасты.

Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Мұндай іс-шаралар тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар пробация есебіндегі азаматтардың қоғаммен байланысын нығайтып, олардың өз күшіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Жарыс жеңімпаздарының бірі өз әсерімен бөлісіп, спорттың өміріне оң өзгеріс әкелгенін айтты.

– Бүгінгі жарыста жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл турнир өмірге деген көзқарасымды өзгертуге ықпал етті. Спортпен айналысу арқылы өзімді жетілдіріп, алға ұмтылуға жаңа серпін алдым. Осындай шаралар бізге қолдау көрсетіп, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық бастамалар пробация есебіндегі азаматтардың оңалуына, тәртіпке бейімделуіне және қоғамға толыққанды қайта қосылуына маңызды әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру