Талдықорғанда қауіпті маневр жасаған жүргізушілер жауапқа тартылды
Талдықорғанда қауіпті маневр жасаған жүргізушілер жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көпшіліктің назарын аудару, қаралым жинау және әлеуметтік желіде "хайп" қуалау бүгінде кейбір жастарды ойланбай әрекет етуге итермелеуде. Алайда танымал болуға деген ұмтылыс заң талаптарын бұзуға және өзгелердің қауіпсіздігіне қауіп төндіруге себеп болмауы тиіс.
Талдықорған қаласында өткен мерекелік іс-шарадан кейін бір топ жас жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіпті өрескел елемей, қала көшелерінде қауіпті маневрлер жасаған. Мұндай жауапсыз әрекеттер жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді.
Полиция қызметкерлері оқиғаға жедел әрекет етті. Бейнебақылау камераларының көмегімен және әлеуметтік желілерге жүргізілген тұрақты мониторинг нәтижесінде құқық бұзушылыққа қатысқан барлық азаматтар анықталды. Оларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Құқық бұзушылардың автокөліктері мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Жетісу облысында полиция еске салады: жол – өзіңнің "батылдығыңды" көрсетуге немесе интернетте танымал болуға арналған орын емес. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
