Астанада гашиш майын жасырын орындар арқылы таратқан топтың жолы кесілді
Елордада полицейлер гашиш майын заңсыз сақтап, таратумен айналысқан екі ер адамның қылмыстық әрекетінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана қаласының 24 және 23 жастағы екі тұрғынының бір көпқабатты тұрғын үйдің әртүрлі қабаттарынан пәтер жалдап тұрғаны анықталды. Тергеу мәліметінше, олар бірлесіп әрекет етіп, интернет-мессенджерлер арқылы гашиш майын таратып, есірткі заттарын жасырын орындарға қалдыру тәсілімен өткізумен айналысқан.
Күдіктілер жалдаған екі пәтерге жүргізілген тінту барысында ішінде сары түсті сұйықтық бар пластик құтылар, электрондық таразылар, орау материалдары және құрамында есірткі затының іздері бар ыдыстар тәркіленді. Сараптама қорытындысы аталған сұйықтықтың гашиш майы екенін растады.
Сонымен қатар пәтерлердің бірінің ас үйінен құрамында есірткі затының іздері бар манты пісіретін ыдыс (мантоварка) табылды. Тергеу барысында күдіктілердің гашиш майын кейіннен орап, таратуға ыңғайлы болуы үшін дәл осы ыдыста еріткені анықталды.
Тінту нәтижесінде жалпы салмағы бір жарым келіден асатын гашиш майы мен марихуана тәркіленді.
Полиция қызметкерлері күдіктілердің заңсыз әрекетінің жолын кесіп, барлық есірткі заттарын тәркіледі. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткі заттарын заңсыз сақтау, дайындау және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Егер есірткінің заңсыз айналымына қатысты қандай да бір ақпарат белгілі болса, бұл туралы дереу полицияға хабарлау қажет.
