Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз": БҚО-дағы "Атамекен" лагерінде ауқымды профилактикалық іс-шара өтті

Батыс Қазақстан облысындағы "Атамекен" жазғы сауықтыру лагерінде жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған "Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз" атты кең ауқымды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығының мамандарымен және полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі Асел Мырзахметовамен бірлесіп өткізді.

Лагерьдің ашық алаңында өткен кездесуде балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық дәріс, еркін форматтағы сұрақ-жауап алаңы және арнайы көрсетілім бағдарламасы ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері қатысушылардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, психоактивті заттарды қолданудың адам денсаулығына тигізетін зияны, есірткінің заңсыз айналымына байланысты көзделген құқықтық жауапкершілік және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы кеңінен түсіндірді.

Іс-шараның ең әсерлі бөлімдерінің бірі кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттері қатысқан көрсетілім болды. Арнайы дайындықтан өткен төрт аяқты көмекшілер жасырылған есірткі заттарын іздеп табу бойынша өздерінің жоғары кәсіби даярлығын көрсетті. Бұл көрініс жас қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, кинологиялық қызметтің есірткі қылмысына қарсы күрестегі маңызды рөлін айқын көрсетті.

Мұндай профилактикалық кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, есірткіге тәуелділік пен өзге де зиянды әдеттердің алдын алуға, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттап, қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру