Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда судағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған профилактикалық рейд өтті

Атырауда шомылу маусымы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жағажайларда кешенді профилактикалық рейд ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы, Балық қорына қылмыстық қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімі, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері қатысты.

Рейд барысында полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жағажайларды аралап, демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптарын кеңінен түсіндірді. Азаматтарға балаларды қараусыз қалдырмау, тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылу және қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Іс-шара барысында белгіленбеген жерде суға түскен үш азамат анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Ал жыл басынан бері ортақ су пайдалану қағидаларын бұзған 272 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Атырау облысы полиция департаменті Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Роман Ермұхановтың айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болады.

– Жаз мезгілінде су айдындарында демалу кезінде әр азамат өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Тұрғындарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз. Мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады, – деді ол.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Айбек Құспанғалиев шомылу маусымында жүргізіліп жатқан "Балалардың қауіпсіздігі" акциясының нәтижелерімен бөлісті.

– Қазіргі уақытта су айдындарында 14 мобильді топ пен 77 қызметкер күн сайын сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін кезекшілік атқарады. Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде 2026 жылғы шомылу маусымы басталғалы бері жазатайым оқиғалар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайды. Бұл жұмыстар шомылу маусымы аяқталғанға дейін үздіксіз жалғасады, – деді ол.

Рейд барысында жағажайға келген тұрғындар да өз пікірлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Демалушылар мұндай профилактикалық шаралардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, қайғылы оқиғалардың алдын алуға және жағажайларда тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға оң ықпал ететінін атап өтіп, полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың еңбегіне ризашылықтарын білдірді.

Полиция мен Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру