Ақсуда полицейлер қауіпсіздік мәселелері бойынша ауқымды профилактикалық акция өткізді
Павлодар облысында полицейлер қала тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық орындарды, аула аумақтарын, сауда нысандарын аралап, азаматтармен профилактикалық әңгімелер өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Негізгі назар интернет-алаяқтықтың, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың, сталкингтің алдын алуға, балалардың терезеден құлап кету жағдайларын және балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға аударылды.
Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды. Тұрғындарға алаяқтар қолданатын кең таралған алдау схемалары ескертіліп, алаяқтарды қалай тануға болатыны түсіндірілді. Сондай-ақ бөгде адамдарға жеке деректерді, SMS арқылы келетін кодтарды, банк карталарының деректемелерін хабарламау және күмәнді сілтемелерге өтпеу қажеттігі айтылды. Азаматтарға интернет арқылы сауда жасау және мессенджерлерде қарым-қатынас кезінде қырағылық таныту ұсынылды.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен сталкингтің алдын алу мақсатында полицейлер қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіріп, құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік туралы еске салды. Сонымен қатар азаматтарды қудалау, қорқыту немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын жасырмай, уақытылы полицияға жүгінуге шақырды.
Балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу мәселесі де маңызды тақырыптардың бірі болды. Ата-аналарға москит торлары қорғаныс құралы болып табылмайтыны ескертіліп, кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы құрылғылар орнату және қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар патрульдік полиция инспекторлары балалармен және ересектермен Жол жүрісі қағидаларын сақтау бойынша әңгімелер өткізді. Полицейлер жас жол қозғалысына қатысушыларға жолдың жүру бөлігін тек белгіленген орындардан кесіп өту, қараңғы уақытта жарық қайтарғыш элементтерді пайдалану қажеттігін еске салды. Ал ата-аналарға балаларға жолдағы қауіпсіз мінез-құлық ережелерін күнделікті түсіндіріп, жеке үлгі көрсету ұсынылды. Іс-шара соңында тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ұсынымдар мен жедел қызметтердің телефон нөмірлері көрсетілген тақырыптық ақпараттық жадынамалар таратылды.
