Абай облысында полиция жол-көлік оқиғаларының салдары жайлы бейнеролик ұсынды
Абай облысында полиция жол-көлік оқиғаларының салдары жайлы бейнеролик ұсынды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы мен жол-көлік оқиғаларының салдарын көрсететін әлеуметтік бейнероликті ұсынды.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің әрбір кезекшілігі бірдей басталады. Алайда олардың ешқайсысы бірнеше минуттан кейін қандай шақыртумен бетпе-бет келетінін білмейді. Әрбір жол-көлік оқиғасы туралы хабарламаның артында адам тағдыры, орны толмас қайғы мен жақынынан айырылған отбасылардың қасіреті тұрады.
Полиция қызметкерлері апат орнына бірінші болып жетіп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді, мыжылған көліктердің ішінен адамдарды шығарып, олардың өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салады. Бірақ, өкінішке қарай, барлығын аман алып қалу әрдайым мүмкін бола бермейді.
Полицейлердің айтуынша, қызметтегі ең ауыр сәттердің бірі – оқиға материалдарын рәсімдеу емес, қаза тапқан адамның туыстарына қаралы хабарды жеткізу.
– Жүргізушілерден жылдамдықты төмендетуді, арақашықтықты сақтауды, қарсы жолаққа шықпауды және қауіпсіздік белдігін тағуды сұрағанда біз ақыл айтып тұрған жоқпыз. Біз сіздердің қайғылы оқиға орын алған жерге ешқашан бармағанымызды қалаймыз, – дейді патрульдік полицейлер.
Полицияда форма киген қызметкерлердің де қарапайым адамдар екенін, олардың да отбасы, ата-анасы мен балалары бар екенін атап өтті. Әрбір қайғылы шақырту олардың жадында із қалдырады, ал аман сақталған әрбір өмір – қызметтің ең үлкен нәтижесі.
Әлеуметтік бейнеролик жүргізушілерге қарапайым, бірақ маңызды шындықты еске салуға арналған: жылдамдықты асыру немесе қауіпті маневр жасау арқылы ұтқан бірнеше секунд адам өміріне татымайды.
Полиция жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және әркімді үйінде туған-туыстары мен жақындары күтіп отырғанын әрдайым есте сақтауға шақырады.
