Ардақты ардагердің абыройлы жолы
Павлодар облысы ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Бақберді Абраев 75 жас мерейтойын атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалыптасқан дәстүрге сай мерейтой иесін Павлодар облысы полиция департаментінің басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері құттықтады.
– Құрметті Бақберді Балтабайұлы! Ішкі істер органдарының қызметіне қосқан өлшеусіз жеке үлесіңіз, жас қызметкерлерді тәрбиелеудегі еңбегіңіз және ардагерлер қозғалысын дамытуға сіңірген қызметіңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, қажымас қайрат пен ұзақ ғұмыр тілейміз, – деп құттықтады Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Сонымен қатар мерейтой иесін ІІМ тергеу комитетінің ардагері Темірболат Әбелдинов ішкі істер органдары ардагерлері атынан құттықтап, ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан белсенді үлесі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық пен отбасылық бақ-береке тіледі.
Бақберді Абраев 1951 жылғы 21 шілдеде Новосібір облысы Қарасу ауданының Байтас ауылында дүниеге келген. КСРО Министрлер кеңесі жанындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің шекара әскерлерінде әскери борышын өтегеннен кейін КСРО ІІМ Новосібір арнайы орта милиция мектебіне оқуға түсіп, оны 1975 жылы тәмамдады. Сол жылы Павлодар облысының ішкі істер органдарындағы еңбек жолын бастады.

28 жылдық қызметінде Бақберді Балтабайұлы қылмыстық іздестіру инспекторы мен тергеушіден бастап Павлодар облыстық ІІД анықтау басқармасының бастығына дейінгі қызметтік жолдан өтті. Жеті жылдан астам уақыт аса қауіпті қылмыстарды тергейтін ауданаралық тергеу бөлімін басқарды. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен ауыр және аса ауыр қылмыстар ашылып, күрделі әрі көпэпизодты қылмыстық істер тергелді.
1996 жылы анықтау басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалса, 1997 жылы осы басқарманың бастығы қызметіне кірісті. Тергеу саласындағы жоғары кәсібилігі мен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Бақберді Абраев қоғамдық қызметін белсенді жалғастырды. 2002–2015 жылдары Павлодар облысы бойынша Қазынашылық департаментінің заң бөлімін басқарып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мүддесін соттарда қорғады.
Оның өмірінде ардагерлер қозғалысының орны ерекше. 2009 жылдан бастап ардагерлер ұйымдарының жұмысына белсене араласып, 2017 жылы Павлодар облысы ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды. 2019 жылы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып, 2024 жылы бірауыздан екінші мерзімге қайта сайланды.
Бүгінде Бақберді Балтабайұлы полиция департаментінің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, тәлімгерлік және әскери-патриоттық жұмыстармен айналысады, жас қызметкерлерді, мектеп оқушылары мен студенттерді тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді.
Оның бастамасымен және тікелей қатысуымен ардагерлер мен қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің есімін ұлықтауға бағытталған бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар ардагерлер қозғалысын дамытуға, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, ауған соғысы ардагерлерін, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысушыларды және қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларын қолдауға елеулі үлес қосты.

Бақберді Абраев "Ардагерлер қозғалысына қосқан үлесі үшін" медалімен, "Қазақстан Республикасы ІІМ Құрметті ардагері" төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы ІІМ мен Қазақстан Республикасы ІІМ Ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ басқа да ведомстволық және мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Отставкадағы полиция полковнигі Бақберді Абраев – зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамға адал қызмет етіп, мамандығына деген адалдығын сақтап, мол тәжірибесін жас ұрпаққа табыстап келе жатқан азаматтың жарқын үлгісі.
