Қарағанды облысында пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамтуға басымдық берілді
Қарағанды облысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру мәселелері бойынша форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының прокуратурасы облыс әкімдігімен және Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіруге арналған "Жарқын болашаққа бастар жол" форумын өткізді.
Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы қызметінің бастығы Мұрат Ахметов, Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Қазақстан Республикасы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Сергей Варго, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қауымдастығының өкілдері және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Форумда пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және оларды қоғамға қайта кіріктіру мәселелері талқыланды.
Бұл – құқық қорғау органдарының ғана емес, пробация қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілер мен қоғамдық ұйымдардың ортақ міндеті.
– Бүгінгі форум өзара тәжірибе алмасуға, тиімді тетіктерді талқылауға және бірлескен жұмысты одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді. Өйткені қоғам қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз, – деді Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД бастығы Бекболат Шакиров.
Форум барысында азаматтардың әлеуметтік мәселелерін ведомствоаралық деңгейде жедел шешуге мүмкіндік беретін FCM Social цифрлық платформасының мүмкіндіктері таныстырылды.

Іс-шара қорытындысында қайта әлеуметтендіру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту және кәсіптік оқытуды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
