Петропавлда полицейлер балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Петропавл қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесіп "Достық" сауықтыру лагерінде балалармен кезекті профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шараға жүзден астам жас демалушы қатысты. Кездесу "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер балаларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салып, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23:00-ден кейін тұрғынжайдан тыс жерде болуына қатысты заңнама талаптарын түсіндірді.
Сонымен қатар буллингтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Балаларға қорлаудың кез келген түріне жол берілмейтіні түсіндіріліп, осындай жағдайларға тап болған жағдайда "102" нөміріне немесе "102" мобильді қосымшасы арқылы полицияға хабарлау қажеттігі айтылды.
Жазғы маусым бойы ювеналды полиция қызметкерлері дәстүрлі түрде балалардың сауықтыру лагерлерінде кезекшілік атқарады. Олардың басты міндеті – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ықтимал оқиғалардың алдын алу және оқушылардың жазғы демалысын тыныш, пайдалы әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау.
