Елордада демалыс күндері мас күйде көлік басқарған 18 жүргізушіге тосқауыл қойылды
Астанада демалыс күндері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік-профилактикалық іс-шаралар күшейтілген режимде жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйінде басқарған 18 жүргізушіні анықтады.
Барлық құқық бұзушылық бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Солардың бірі – Байтұрсынов даңғылында Changan автокөлігін басқарған 38 жастағы жүргізуші.
Құжаттарды тексеру барысында полицейлер оның көлік құралын мас күйінде басқарғанын анықтады.
Аталған факті бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін де заңнамада көзделген шаралар қабылданды.
Құқық бұзушылық жасалған автокөлік коммуналдық мамандандырылған тұраққа орналастырылды.
Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды.
Полиция мас күйінде көлік басқару – ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін қауіпті құқық бұзушылық екенін еске салады.
Алкогольдік ішімдік ішкен жүргізуші көлік тізгініне отырып, өз өміріне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіреді. Полицейлер жүргізушілерді жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік басқарудан бас тартуға шақырады.
