Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында алғаш рет көшпелі құқықтық керуен іске қосылды

Ақмола облысында "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында алғаш рет "Көшпелі заң керуені" акциясы ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты — заң көмегін халыққа барынша қолжетімді ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияның ашылу салтанатына Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы және Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Тимур Омарбеков қатысты.

Акция басталғаннан кейін прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Зеренді және Бурабай аудандарына барып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Тұрғындар жүргізуші куәлігін алу және оған қатысты заңнамадағы өзгерістер, медициналық тексеруден өту тәртібі, тұрғын үй кезегі, қоғамдық көліктің жұмысы, телефон байланысын қосу және басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша жүгінді. Мамандар әрбір өтініш бойынша жан-жақты түсініктеме беріп, құқықтық кеңес көрсетті.

Зеренді ауданының тұрғыны Қайрат Есентемірұлы мұндай форматтың, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін тиімді екенін атап өтті.

— Мамандардың өздері тұрғындарға келіп, мәселелер бойынша кеңес бергені өте ыңғайлы. Бүгін өзімді толғандырған барлық сұраққа жауап алдым. Мұндай кездесулер заң талаптарын жақсы түсінуге және қажет болған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көшпелі құқықтық керуен мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы тікелей әрі ашық диалогты нығайтуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналады.

Акция алдағы уақытта да өңірдің елді мекендерінде жалғасып, тұрғындарға құқықтық кеңес пен қажетті мемлекеттік қызметтерді алуға жәрдемдесуге бағытталмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру