Алматыда “Тасымалдаушы” жедел алдын алу іс-шарасы қорытындыланды
“Тасымалдаушы” жедел алдын алу іс-шарасы барысында 2,4 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда 28-30 шілде аралығында өткен “Тасымалдаушы” жедел алдын алу іс-шарасы қорытындыланды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау.
Үш күн бойы полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тасымалдаушылардың қызметіне бақылауды күшейтті. Іс-шараға күн сайын мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Ерекше назар көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларының сақталуына, рейс алдындағы медициналық және техникалық тексерулердің өтуіне, сондай-ақ жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу деректерін анықтауға аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша барлығы 2 462 құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде қауіпсіздік белдігін пайдалану және жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу, көлік құралын басқару кезінде телефон пайдалану, міндетті техникалық байқаудан өтпеген көліктерді пайдалану, сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзу фактілері жиі тіркелді.
Сонымен қатар мас күйінде көлік басқарған 46 жүргізуші, қарсы қозғалыс жолағына шыққан 45 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнайы айып тұрағына 328 көлік құралы қойылды.
– Тасымалдаушылар адамдардың өмірі мен денсаулығына ерекше жауапты. Сондықтан біздің міндетіміз – бақылаудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін кез келген құқық бұзушылықтың жолын дер кезінде кесу. Мұндай алдын алу іс-шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады, – деді Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Алматы полициясы жолаушылар тасымалымен айналысатын ұйымдарды, қоғамдық көлік, такси және жүк көліктерінің жүргізушілерін заң талаптарын қатаң сақтауға, көлік құралдарының техникалық жарамдылығын тұрақты бақылауда ұстауға және жолаушылардың қауіпсіздігі ең алдымен жүргізушінің жауапкершілігінен басталатынын ұмытпауға шақырады.
