Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үш буынның аманаты: полициядағы ұрпақтар сабақтастығы

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде "Ұрпақтар сабақтастығы" атты тағылымды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға департамент бастығының орынбасары Қадыржан Сағын, Ардагерлер кеңесі мен тәлімгерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Бұл кездесу төрт отбасының, төрт әулеттің, төрт тағдырдың тоғысқан тағылымды алаңына айналды. Полиция қызметі – кейбір әулеттер үшін әкеден балаға, атадан немереге жалғасқан қасиетті аманат, өмірлік ұстаным.

Кездесуде бір әулеттің үш буынының бір салада, бір бағытта қызмет еткен өнегелі жолы таныстырылды. Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Дәулеткерей Керейұлы мен оның ұлы Арман Дәулеткерейұлы бүгінде зейнет демалысында. Ал олардың ізін жалғаған немересі Қайырбек Арманұлы қазіргі таңда киберқылмысқа қарсы күрес басқармасында қызмет атқаруда. Ерекше атап өтерлігі – әулеттің үш буыны да жедел уәкіл қызметін таңдаған. Атаның өмірлік тәжірибесі, әкенің өнегесі мен немеренің жалынды жігері – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

Келесі кейіпкерлер – әкелі-балалы Дмитрий Геннадьевич пен Кирилл Дмитриевич. Әкесі учаскелік полиция инспекторы болса, ұлы жедел уәкіл қызметін атқарады. Әке үшін ұлымен бір сапта қызмет ету – зор мақтаныш әрі тәжірибесін бөлісудің мүмкіндігі болса, ұлы үшін әкесімен қатар еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен сенімнің белгісі.

Тағылымды кездесуде әке аманатын абыроймен жалғастырып жүрген егіз қыздардың тағдыры да ерекше аталып өтті. Ішкі істер органдарының ардагері Бақтыбай Ғабдоллаұлы бүгінде өмірден озғанымен, оның адал қызмет жолын егіз қыздары Айман мен Шолпан лайықты жалғастырып келеді. Бүгінде бірі – тергеуші, екіншісі – цифрландыру және жасанды интеллект бөлімшесінің қызметкері. Олар әке аманатына адалдық танытып, ел қауіпсіздігі жолында абыроймен еңбек етуде.

Келесі кейіпкер – ардагер әке мен оның ізін жалғаған қызы. Полиция саласына саналы ғұмырын арнаған ардагер Нұрболат Сайлауұлы үшін ең үлкен мақтаныш – қызы Інжудің әке жолын жалғап, полиция қатарында абыроймен қызмет етуі. Кеше ел тыныштығы үшін әке сапта тұрса, бүгінде сол жауапкершілікті қызы лайықты жалғастырып келеді.

Бұл тағылымды кездесу қызметтің ғана емес, ең алдымен құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын айқын көрсетті.

Кездесу барысында жас қызметкерлер ардагерлермен еркін пікір алмасып, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Аға буын өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қызмет барысында жинақтаған тағылымды оқиғаларын әңгімеледі. Іс-шара соңында ақсақалдар жас буынға ақ батасын беріп, ел игілігі жолындағы адал қызметтеріне сәттілік тіледі.

Ал олардың алдында полиция қызметіне енді ғана қадам басқан жас мамандар отырды. Олар үшін бұл төрт әулеттің тарихы – жай ғана өмір жолы емес, адалдықтың, жауапкершіліктің және Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі.

Өйткені полиция формасы – ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын киім емес. Мұра болып қалатыны – сол форманың абыройын сақтау, халыққа адал қызмет ету және Отан алдындағы жауапкершілікті сезіну.

"Ұрпақтар сабақтастығы" шарасында бас қосқан төрт әулеттің тағдыры осының айқын дәлелі болды. Бірі – атасының жолын жалғастырса, бірі – әкесімен бір сапта қызмет етуде. Бірі – әкесінің аманатын егіз қызымен бірге жалғастырса, енді бірі – ардагер әкесінің ізін абыроймен басты.

Ертең осы сапта бүгінгі жас қызметкерлердің балалары да тұруы әбден мүмкін. Себебі қызметтегі сабақтастық уақытпен емес, жүрекпен жалғасады.

Батыс Қазақстан полициясында ұрпақтар алмасады. Бірақ елге адал қызмет ету дәстүрі ешқашан үзілмейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру