Қоғамдық орында ішімдік ішуге жол жоқ: Павлодар полициясы ескертеді
Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу немесе масаң күйде жүру – қоғамдық тәртіпке ғана емес, азаматтардың өз қауіпсіздігіне де қауіп төндіретін құқық бұзушылық. Павлодар облысында жыл басынан бері осындай 7 мыңға жуық деректің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкогольдік ішімдіктерді қоғамдық орындарда ішу немесе масаң күйде жүру – жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі. Қоғамдық орындарға елді мекендердің аумағында немесе одан тыс орналасқан, халықтың пайдалануына, бұқаралық іс-шаралар өткізуге, азаматтарға қызмет көрсетуге және олардың демалуына арналған арнайы жабдықталған жалпыға ортақ орындар жатады.
Мәселен, "102" арнасына Павлодар қаласындағы Торайғыров көшесінде орналасқан аялдамада ер адамның жерде жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері азаматтың қатты алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады. Ер адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.
Жыл басынан бері Павлодар облысының аумағында алкогольдік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарда масаң күйде болу фактілері бойынша шамамен 7 мың құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
- Көп жағдайда алкогольдік ішімдік ішкен азаматтар масаң күйдің адамды құқыққа қайшы әрекеттер жасауға итермелеуі мүмкін екенін ескере бермейді. Сонымен қатар мас күйінде жүрген адамдардың өздері де қылмыстың немесе жазатайым оқиғаның құрбаны болуы ықтимал, – дейді Павлодар облысының полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары алкогольдік ішімдіктерді қоғамдық орындарда ішіп отырған азаматтар немесе масаң күйдегі адамдар мен топтар туралы "102" телефоны арқылы немесе "Police.102" мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болатынын еске салады.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, алкогольді ішімдіктерді қоғамдық орындарда тұтынбауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
