Абай облысында жыл басынан бері 5 мыңға жуық жасөспірімге құжат берілді
Абай облысында жыл басынан бері 16 жасқа толған 4 891 жасөспірімге жеке басын куәландыратын құжат берілді. Полицияның көші-қон қызметі ата-аналар мен заңды өкілдерге балаларының жеке куәлігін уақытылы рәсімдеудің маңыздылығын еске салады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір азамат 16 жасқа толған кезде жеке куәлік алуға міндетті. Бұл құжат азаматтың жеке басын куәландырып қана қоймай, көптеген мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу үшін қажет.
Жеке куәлікті рәсімдеу үшін, әдетте, баланың туу туралы куәлігі және ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілінің жеке куәлігі қажет. Құжаттандыру кезінде кәмелетке толмаған азаматтың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуінің қатысуы талап етіледі.
Жеке куәлікті уақытында алу – тек әкімшілік жауапкершіліктен сақтану емес. Құжат азаматтың мемлекеттік қызметтерді алуына, білім беру ұйымдарына құжат тапсыруына, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстан аумағында жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру заңнамада белгіленген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабында тиісті шаралар қарастырылған.
Полиция ата-аналарды балалары 16 жасқа толғаннан кейін жеке куәлігін рәсімдеуді уақытылы қолға алуға шақырады.
