Тәртіп сақшысының жанынан табылатын маман
Құқық қорғау саласындағы қызмет – жоғары жауапкершілікті, сабырлылық пен психологиялық тұрақтылықты талап ететін күрделі жұмыс. Ал осы бағытта полиция қызметкерлерінің жанынан табылып, олардың көңіл күйі мен ішкі жағдайына мән беретін маман – психолог. Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің жеке құраммен жұмысы жөніндегі тобының аға инспектор-психологы, Данагүл Әлімжанова үшін әрбір жұмыс күні – әріптестерін тыңдап, қолдау көрсетуден басталады. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Психологтың жұмысы сырт көзге байқала бермеуі мүмкін. Алайда оның атқаратын міндеті ауқымды. Данагүл Әлімжанова қызметкерлермен жеке және топтық психологиялық жұмыстар жүргізіп, олардың қызметтік жағдайға бейімделуіне, эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға және күйзелістің алдын алуға бағытталған жұмыстар атқарады.
Сонымен қатар қызметке жаңадан келген жас мамандармен жұмыс жүргізіп, олардың ұжымға бейімделуіне көмектеседі. Әріптестерімен әңгімелесу барысында олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қажет болған жағдайда психологиялық қолдау көрсетеді. Себебі полиция қызметкерінің қызметтік дайындығымен қатар, оның ішкі дайындығы да маңызды.
- Психологтың басты міндеті – адамды өзгерту емес, оны тыңдап, түсініп, қиын сәтте дұрыс бағыт көрсете білу, – дейді Данагүл Әлімжанова.
Оның пікірінше, кейде адамға дайын жауаптан гөрі, оны мұқият тыңдайтын жанның болғаны маңызды. Сондықтан психологтың әрбір әңгімесі сенімге, құпиялылыққа және өзара түсіністікке негізделеді.
Полиция қызметінің күнделікті қарбаласында қызметкерлердің физикалық дайындығы мен кәсіби білімі қаншалықты маңызды болса, олардың психологиялық тұрақтылығы да соншалықты маңызды. Осы ретте психологтың еңбегі – ұжымдағы ахуалды нығайтып, әр қызметкердің өз міндетін сеніммен атқаруына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Данагүл Әлімжанова үшін әріптестеріне уақыт бөліп, тыңдау, түсіну және қажет кезде қолдау көрсету – жай ғана қызметтік міндет емес, полиция ұжымының бірлігін сақтауға қосқан үлесі.
