Полиция камералары құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркейді
Жетісу облысы полиция департаменті Жедел басқару орталығының камералары жұмыс істеген алғашқы жарты күннің өзінде бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Сәйкесінше сақшылар заң аясында шара қолданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталған фактілер қатарында екі азаматтың қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде болуы, темекі тұқылын лақтыру, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын бұзудың өзге де жағдайлары бар.
Әрбір құқық бұзушылық бейнебақылау жүйесі арқылы уақытылы тіркелді. Ақпарат түскеннен кейін оқиға орындарына полиция жасақтары жедел жіберіліп, қажетті шаралар қабылданды. Құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылды.
Бүгінде заманауи технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралына айналды. Камералар жедел басқару орталығы қызметкерлеріне тәулік бойы жағдайды бақылауға, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Тәжірибе көрсеткендей, бейнебақылау жүйесі бірнеше сағаттың ішінде-ақ полицияның араласуын талап ететін көптеген деректі анықтай алады. Бұл тек жедел әрекет етуді арттырып қана қоймай, заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.
