Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарды еңбекпен қамту мәселелері талқыланды

Абай облысы бойынша ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталғандарды еңбекпен қамтуды кеңейту мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталғандарды еңбекпен қамтуды кеңейту, қала құраушы кәсіпорындарды, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін мекеменің өндірістік қызметін дамытуға тарту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шараға Абай облысы прокурорының аға көмекшісі Багдат Семеев, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының директоры, Абай облысының кәсіпкерлік бөлімі, 5511 әскери бөлімінің өкілдері және мекеме басшылығы қатысты.

Кеңес барысында жазасын өтеп жатқан шетел азаматтарын жұмысқа орналастыру және сот үкімімен белгіленген залалды өтеуге ықпал ету мәселелері қаралды. Сонымен қатар өндірістік аумақтағы қолданыстағы нысандарды жөндеу және жаңғырту, өндірістік алаңдарды кеңейту, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерін тарту арқылы қосымша жұмыс орындарын ашуға ерекше назар аударылды.

Өндірістік қызметті дамыту перспективаларын талқылау барысында жаңа кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілерін тарту сотталғандар үшін жұмыс орындарының санын арттыруға, олардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне, еңбек тәжірибесін жинақтауына және босатылғаннан кейінгі әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Іс-шара барысында шетелдік сотталғандарға заңнама талаптары және заңды күшіне енген сот үкімдерімен белгіленген залалды өтеу жөніндегі міндеттемелері түсіндірілді. Сондай-ақ тиісті міндеттемелерді орындау мақсатында жұмысқа орналасу және ақылы еңбек арқылы табыс табу мүмкіндіктері түсіндірілді.

— Біздің міндетіміз – сотталғандардың еңбекпен айналысуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау. Біз мекеме аумағында өз жобаларын дамытуға дайын кәсіпкерлер мен өндірістік кәсіпорындарды тартуға мүдделіміз. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге, сондай-ақ сотталғандарға кәсіп меңгеруге, еңбек дағдыларын қалыптастыруға және келтірілген залалды заңды жолмен өтеуге мүмкіндік береді, – деді мекеме бастығының орынбасары Серік Жангасканов.

— Біз үшін жұмыс істеу мүмкіндігінің маңызы зор. Еңбек пайдалы дағдыларды меңгеруге, тәртіпті сақтауға және босатылғаннан кейінгі өмірге дайындалуға көмектеседі. Сонымен қатар ресми жалақы келтірілген залалды біртіндеп өтеуге, сот белгілеген міндеттемелерді орындауға және алимент төлеуге мүмкіндік береді. Бұл отбасы алдындағы міндеттерімізді орындап, жазасын өтеу кезеңінде де жақындарымызға қолдау көрсету үшін маңызды, – деп атап өтті сотталғандардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру