Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Камерадан жасырынбақ болған: "НЕТУ" нөмірлі көлік арнайы тұраққа қойылды

Түркістан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Кезекті жұмыс күні облыстық патрульдік полиция инспекторларына жол бойындағы автоматты камера арқылы жол қозғалысы ережесін бұзған көлік туралы ақпарат келіп түскен, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бағыттама бойынша жедел әрекет еткен патрульдік полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар "Шымкент – Самара" автожолының 143-шақырымында "Toyota Camry" автокөлігін анықтап, тоқтатты.

Тексеру барысында көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің орнына "НЕТУ" деген жазу қойылғаны анықталды. Көлік жүргізушісі Қызылорда облысының 29 жастағы тұрғыны болып шықты.

Жүргізушіге көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзғаны және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Полиция жүргізушілерге жауапкершіліктен жалтару немесе автоматты камераларға түспеу мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмірін әдейі алып тастауға болмайтынын ескертеді. Мұндай әрекет заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру