Павлодарда учаскелік полиция инспекторлары арасында шағын футболдан турнир өтті
Қоғамдық қауіпсіздік күнін мерекелеуге орай “Спорт-сити” стадионында облыстың учаскелік полиция инспекторлары арасында шағын футболдан турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық сайысқа өңірдің аумақтық полиция бөлімшелерінің атынан 11 команда қатысты. Турнир үздік спортшыларды анықтайтын алаң ғана емес, сонымен қатар қызметкерлер арасында командалық рухты, өзара түсіністікті және корпоративтік бірлікті нығайтудың тамаша мүмкіндігі болды.
Тартысты әрі қызықты ойындардың қорытындысы бойынша бірінші орынды Павлодар қаласы ПБ Солтүстік полиция бөлімінің командасы иеленді. Екінші орын Ақсу қаласы полиция бөлімінің командасына бұйырды. Үшінші орынды Ақтоғай және Ертіс аудандары полиция бөлімдерінің құрама командасы жеңіп алды. Сонымен қатар турнирдің үздік ойыншылары анықталды. “Үздік ойыншы” номинациясында Нығмет Бақтияр үздік деп танылды. Үздік шабуылшы атанған – Умаров Қуаныш, үздік қақпашы – Аленов Диас, ал үздік қорғаушы атағын Түлкібек Алдияр иеленді.
- Мұндай спорттық іс-шаралар ұжымды біріктіріп, командалық рухты
нығайтады және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Полиция қызметкері үшін кәсіби біліммен қатар, жақсы дене дайындығы, төзімділік және командада жұмыс істей білу де маңызды. Бүгін әр қатысушы жеңіске деген жігерін және шынайы спорттық мінезін көрсетті. Жеңімпаздарды құттықтап, барлық командаларға лайықты ойын көрсеткені үшін алғыс айтамын, – деді Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
