Семейдегі саяжай алқабында жүргізілген ауқымды рейд барысында 800-ден астам үй тексерілді
Семей қаласындағы Бобровка саяжай алқабында кешенді профилактикалық рейд өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның барысында полиция қызметкерлері 112 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Анықталған құқық бұзушылықтардың 97-сі профилактикалық бағытқа жатады. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда мас күйінде болған 12 адам анықталды, санитарлық нормалар мен абаттандыру ережелерін бұзудың 43 фактісі, қоғамдық орындарда тиісудің үш фактісі, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында екі құқық бұзушылық және тағы 37 өзге де заң бұзушылық тіркелді.
Сонымен қатар алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың екі фактісі анықталды. Сауда нысандарынан 51 алкоголь өнімі тәркіленді: оның ішінде 44 бөтелке сыра және жеті бөтелке арақ бар.
Жол қауіпсіздігі саласында 15 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Соның ішінде көлікті алкогольдік мас күйінде басқарған жүргізуші ұсталды.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударды. Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отбасы қолайсыз отбасы ретінде профилактикалық есепке қойылды.
Аула-үйді аралау барысында полиция қызметкерлері 836 ауланы аралады. Тұрғындарға отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу шаралары, балалардың қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелері, сондай-ақ интернет-алаяқтардан қорғану тәсілдері түсіндірілді.
Профилактикалық жұмыстар 40 сауда нысанының иелерімен де жүргізілді. Кәсіпкерлерге алкоголь және темекі өнімдерін сату кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді. Екі жеке кәсіпкерге құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілді.
Сонымен қатар тұрғылықты жері бойынша түрлі профилактикалық есепте тұрған азаматтар және азаматтық қарудың 39 иесі тексерілді. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға бейім екі адам профилактикалық есепке қойылды. Олардың әрқайсысына қорғау нұсқамасы шығарылды.
— Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға жол бермеуге және профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылауға басымдық беріледі, — деді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов.
