Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінде жаңа өндірістік учаске іске қосылды
Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінде қасбеттік фиброцемент панельдерін бояу цехы іске қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде жаңа өндірістік учаске – қасбеттік фиброцемент панельдерін бояу цехы өз жұмысын бастады.
Бүгінде цехта жиырмаға жуық сотталған азамат еңбек етуде. Олардың еңбекақысы атқарған жұмысына қарай есептеледі. Тапқан қаражатының бір бөлігін олар сот шешімімен белгіленген талап-арыздарды өтеуге бағыттаса, сондай-ақ отбасыларына материалдық көмек көрсетеді.
Жұмысқа кіріспес бұрын сотталғандар қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өтіп, өндірістік үдеріспен және панельдерді бояу технологиясымен танысады.
Фиброцемент панельдері құрылыста ғимараттардың қасбетін қаптауға арналған материал ретінде қолданылады. Өндірістік учаскеде панельдердің бетіне қорғаныштық және сәндік лак-бояу жабыны жағылады.
Цехтың алғашқы тапсырысы 400 қасбеттік фиброцемент панелін бояу болды. Өндірістік учаскеде еңбек ететін сотталғандар аталған жұмыс көлемін шамамен 20 күн ішінде толық орындап шықты.
– Маған мұнда жұмыс істеген ұнайды. Жаңа тәжірибе жинақтап, бостандыққа шыққаннан кейін қажет болуы мүмкін дағдыларды үйреніп жүрмін. Мен кәмелетке толмаған үш баланың әкесімін. Еңбекақымнан талап-арыздарымды өтеймін, сонымен қатар балаларыма көмектесіп, оларға ақша жіберуге тырысамын. Мен үшін еңбек етіп, отбасыма қолдау көрсету маңызды. Осында алған дағдыларым бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс тауып, қалыпты өмір бастауға көмектеседі деп үміттенемін, – деді сотталған азамат.
– Бүгінде мекеме аумағында 19 өндірістік кәсіпорын мен цех жұмыс істейді. Олардың қатарында металл және жиһаз цехтары, ағаш ұстасы цехы, металл конструкцияларын жасау, ағаш өңдеу, темірбетон бұйымдарын, дәретхана қағазын, полистиролбетон блоктарын өндіру цехтары, сондай-ақ типография және басқа да өндірістік учаскелер бар. Жаңа цехтың іске қосылуы сотталғандарды еңбекпен қамту мүмкіндіктерін кеңейтіп, оларды бостандыққа шыққаннан кейін өз бетінше өмір сүруге дайындауға ықпал етеді, – деп атап өтті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Куанышбек Туканов.
