Жаңаөзенде кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы құрылды
Жаңаөзенде ІІО ардагері Алмас Темиралиев атындағы "Жас сақшы" сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңаөзен қаласында ішкі істер органдарында 35 жылдан астам абыройлы қызмет атқарған полиция подполковнигі, сала ардагері Алмас Темиралиевтің құрметіне "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылды.
ІІО ардагері еңбек жолын милиционер қызметінен бастап, Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімінің жол полициясы бөлімінің бастығына дейін көтерілген. Қызмет еткен жылдары қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, кәсібилігі мен қызметіне адалдығының арқасында әріптестері арасында зор құрметке ие болды.
Салтанатты шараға қала басшылығы, полиция ардагерлері, басқарманың басшы құрамы мен қызметкерлері, ұстаздар және оқушылар қатысты. Жиында ардагердің өмір жолы мен ішкі істер органдарындағы қызметі айтылып, жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі жолы дәріптелді.

Шара барысында Маңғыстау облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері арнайы көрсетілім өткізіп, жауынгерлік даярлығы мен кәсіби шеберлігін көрсетті.
"Жас сақшы" сыныбының алғашқы тәрбиеленушілері ретінде 7-сыныптың 23 оқушысы қабылданды. Енді олар полиция қызметінің қыр-сырын танып, құқықтық білімдерін жетілдіруге, тәртіп пен жауапкершілікке баулуға бағытталған іс-шараларға қатысады.
