Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда қосымша арқылы түскен хабарлама қауіпті көлік жүргізу фактісін тоқтатуға көмектесті

Павлодар облысында цифрлық технологияларды, оның ішінде азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу бағытында қолдану жалғасуда. Мобильді қосымша арқылы тұрғындар құқық бұзушылықтар туралы бейне және аудио қоңыраулар, сондай-ақ мәтіндік хабарламалар арқылы полицияға хабарлай алады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жүйенің артықшылығы – полиция операторы жағдайды онлайн режимінде бақылап, хабарласқан азаматтың орналасқан жерін жедел анықтап, тиісті шараларды дереу қабылдауға мүмкіндік алады.

Мәселен, қала тұрғыны "Омниканальность" қосымшасы арқылы Олжабай батыр көшесінде Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызғаны туралы хабарлама жіберген.

Ақпарат дереу автопатрульге жолданды. Полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтап, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Жол қозғалысы ережелерін бұзып, апатты жағдай туғызған жүргізушіге айыппұл салынды.

Полиция азаматтарды жолдағы қауіпті жағдайлар мен құқық бұзушылықтарға бейжай қарамай, қажет болған жағдайда мобильді қосымша арқылы хабарлауға шақырады. Өтініш берген кезде оқиғаның нақты мекенжайын айтып, оператордың сұрақтарына мүмкіндігінше толық жауап беру қажет.

"Заң мен Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету – полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Оның басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру