Алматының таулы аймағында полиция рейд жүргізді
Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері таулы аймақта рейдтік іс-шара өткізді. Негізгі назар квадроциклдер мен электрмотоцикл иелеріне, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалану және қауіпсіздік талаптарының сақталуына аударылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейд барысында әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз көлік басқару, нөмірлік белгінің оқылмауы, Алматы қаласын абаттандыру қағидаларын бұзу, тиісті құжаттар мен көлік басқару құқығының болмауы, сондай-ақ жол жүрісі қағидаларын бұзудың өзге де фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Қозғалысқа қатысушылар мен қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін техникалық құралдарға да ерекше назар аударылды. Арнайы тұраққа 9 техника, оның ішінде 6 квадроцикл мен 3 электрмотоцикл қойылды.
- Таулы аймақ Алматы тұрғындары мен қала қонақтарының демалыс орны ретінде кеңінен танымал. Алайда бұл квадроциклдер мен өзге де мототехника иелерін белгіленген талаптарды сақтаудан босатпайды. Біздің мақсатымыз азаматтардың демалысын шектеу емес, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Мұндай рейдтік іс-шаралар аудан аумағында жалғасын табады, - деді Бостандық ауданы полиция басқармасының бастығы Денис Лоскутов.
Полиция квадроциклдер мен электрмотоцикл иелерін көлік құралдарын пайдалану кезінде заңнама талаптарын сақтап, айналадағы адамдардың қауіпсіздігін ескеруге шақырады.
