Қызылорда облысында жастармен ашық форматта профилактикалық кездесу өтті
Қызылорда облысында жастармен ашық форматта профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында Қызылорда облысының білім беру ұйымдарында профилактикалық кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Қызылорда қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Азиз Шагиров "Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі" және "Болашақ" университетінің жатақханаларында студенттермен кездесті.
Кездесудің басты ерекшелігі – жастармен ашық форматта пікір алмасу және олардың күнделікті өмірінде кездесуі мүмкін қауіп-қатерлер жөнінде нақты түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі.
Іс-шара барысында бұзақылық, топтық төбелес және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру секілді құқық бұзушылықтардың салдары жан-жақты түсіндірілді.
Жастарға жанжалға араласпау, дау-дамайды ушықтырмау және кез келген келеңсіз жағдайды дер кезінде тиісті органдарға хабарлау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – дропперлік мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Полиция қызметкерлері студенттерге өздерінің банк картасын, шоттарын немесе жеке деректерін бөгде адамдарға берудің қандай қауіп тудыруы мүмкін екенін түсіндіріп, күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды. Синтетикалық есірткі құралдарының таралуы мен оның жастарға тигізетін қауіпі де сөз болды. Студенттерге есірткі заттарын таратуға, сақтауға немесе заңсыз айналымына байланысты жауапкершілік түсіндіріліп, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстар мен белгісіз адамдардың хабарламаларына сақ болу қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, жастардың діни және ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Полиция қызметкерлері экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстардың алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіпті ақпараттан сақтану және күмәнді контентті таратпау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мұндай кездесулердің маңызы – жастарға тек заң талаптарын түсіндірумен шектелмей, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қауіпсіз орта құруға бағытталуында. Студенттермен тікелей байланыс орнату арқылы полиция қызметкерлері жастардың мәселелерін тыңдап, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алады
