Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан әскери бөлімінде құрылған жайдарман клубы елге танылды

Іргетасы Қарағандыда орналасқан 5451 әскери бөлімінде қаланған “Ұлттық ұлан” жайдарман клубы жыл басынан бері түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, жартысынан көбінде жүлделі орынға іліккен, — деп хабарлайды Polisia.kz.

5-6 сарбаздан құралған топ әскери қызметшілер өмірі мен әскери тұрмыстың қызық сәттерін әзілге айналдыруға тырысады. Сонысымен де олар қысқа мерзімде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.

Команданың ең басты жеңістерінің бірі – Астана қаласында ең мықты ұжымдардың басын қосқан республикалық “Елорда CUP” турнирінде жүлдегер атануы. Әскери бөлімдер арасынан құрылған ұжымдардың ішінде мұндай биік белесті бағындырғандар бұрын-соңды болмаған. Осы жетістік “Ұлттық ұлан” командасының өзіндік дара қолтаңбасы мен жоғары дайындығын айқын танытты.

Сахнадағы өткір әзіл мен жарқын бейненің артында сарбаздардың күнделікті жауапты қызметі жатыр. Олар күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен ел тыныштығын кірпік қақпай күзетіп жүр. Сахнадағы тапқырлық пен командалық үйлесім жігіттердің саптағы әскери бауырластығы мен темірдей тәртібін нығайта түсуге де зор ықпалын тигізеді.

Бұл талантты жауынгерлер Отан алдындағы бұлжымас міндет пен өнерді қатар алып жүруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп шықты. Олар сахнада жарасымды әзілімен көрерменге көңіл-күй сыйласа, қызметте Отанға деген адалдығымен ел сенімін ақтап келеді.

Айта кетейік, ұландық сықақшылар 20-24 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін Qazaqstan CUP лигасының 1/8 финалдық сайыстарына қатысуға жолдама алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру