Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда жасөспірімдерге жауапкершілік туралы түсіндірілді

Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері балалар ауылындағы тәрбиеленушілермен "Мен өз әрекеттеріме өзім жауап беремін" тақырыбында профилактикалық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында жасөспірімдерге құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік және құқыққа қайшы әрекеттердің ықтимал салдары түсіндірілді. Сонымен қатар тәртіп сақтау, көшеде және қоғамдық орындарда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін орындау, айналасындағыларға құрметпен қарау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

– Біз әрбір жасөспірім жауапкершіліктің ең алдымен өз таңдауынан басталатынын түсінгенін қалаймыз. Қандай да бір әрекетке бармас бұрын оның салдары туралы ойланған маңызды. Заң талаптарын жазадан қорыққандықтан ғана емес, қоғамдағы қауіпсіздік пен өзара сыйластықтың негізі ретінде түсініп, сақтау қажет, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Нұржан Бейсенбеков.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері интернеттегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Жасөспірімдерге әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасау кезінде сақ болу, бейтаныс адамдарға сенбеу, жеке деректерін жария етпеу, сондай-ақ күдікті немесе қауіпті жағдай туындағанда дер кезінде ересектерден көмек сұрау қажеттігі ескертілді.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тәрбиеленушілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселелері бойынша түсініктемелер алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру