Жамбыл облысында есірткі жарнамасына қарсы акция ұйымдастырылды
Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Әділет" партиясының жастар қанаты өкілдерімен бірлесіп, "Есірткісіз болашақ" акциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында есірткі құралдарын насихаттауға байланысты анықталған заңсыз интернет-сілтемелер, граффити жазбалар мен QR-кодтар жойылды.
Анықталған интернет-ресурстар бұғатталып, оларды орналастыруға қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Акцияға қатысқан волонтерлерге футболкалар мен бейсболкалар таратылды.
Полиция азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске белсенді қатысуға шақырады. Есірткі құралдарын насихаттайтын граффити жазбаларды салу және мұндай ақпаратты компьютерлік желілер арқылы тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Егер есірткіні сақтау, өткізу, жасырын орындар ұйымдастыру, есірткі жарнамасы бар граффити жазбаларды салу немесе интернет арқылы есірткі тарату фактілері туралы ақпарат белгілі болса, азаматтар "Narko Shekteu Taraz" анонимді Telegram-ботына немесе "102" нөміріне хабарлай алады.
