Екібастұзда жас сақшылар туған өлке тарихымен танысты
Екібастұз қаласы полиция басқармасының қызметкерлері "Жас сақшы" сыныбының оқушылары үшін қалалық музейге танымдық экскурсия ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Экскурсия барысында оқушылар туған қаласының тарихымен танысып, тарихи-мәдени жәдігерлерді тамашалады. Сондай-ақ Екібастұздың қалыптасуы мен дамуы туралы көптеген қызықты мәлімет алды.
Жас сақшылар экскурсия жетекшісінің әңгімесін қызығушылықпен тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Музей экспозицияларындағы құнды жәдігерлерді мұқият қарап, туған өлкенің өткені туралы білімдерін толықтырды.
- Маған музейге барғанымыз ұнады. Себебі мұнда біз Екібастұз қаласының тарихы туралы көптеген жаңа мәлімет біліп қана қоймай, қаламыздың өткенімен байланысты тарихи заттарды да көрдік. Экскурсиядан кейін туған өлкеміздің тарихын тереңірек білгім келді, – деді "Жас сақшы" сыныбының оқушысы.
Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, оқушылардың туған өлке тарихын тереңірек танып-білуіне және мәдени мұраға құрметпен қарауына ықпал етеді. Сонымен қатар жасөспірімдердің туған қаласына деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
