Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен спортты қатар алып жүрген жас полицей

Атырау қаласы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел-іздестіру тобының кіші жедел уәкілі  Бауыржан Нұрасыл үшін әр күн жауапкершілік пен тәртіптен басталады. Қызметтік міндетін абыроймен атқарып жүрген жас полицей спортты да өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел уәкілдің жұмысы қырағылық пен шапшаңдықты, табандылық пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Бауыржан қылмыстардың алдын алу, құқық бұзушылықтардың жолын кесу және жедел ақпараттарды зерделеу бағытында қызмет атқарады. Ал спорт оған осы қасиеттерді шыңдауға мүмкіндік береді.

Бауыржан Нұрасылдың спорттағы жетістіктері аз емес. Ол бокстан үш дүркін Қазақстан чемпионы атанып, Әлем кубогының қола жүлдесін иеленген. ТМД елдері арасында өткен чемпионатта қола жүлдегер атанып, Сербия Республикасында ұйымдастырылған халықаралық бокс турнирінде жеңімпаз атанды. Кикбокстан да ел намысын қорғап, Үндістанда өткен Әлем кубогында жүлделі орыннан көрінді.

Көп жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Бауыржан Нұрасыл бокс және кикбокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды. Дегенмен ол үшін әрбір жетістік – мәреге жету емес, жаңа мақсаттарға бастайтын баспалдақ.

Рингте қарсыласына қарсы тұрып, әр сәтке жауапкершілікпен қарайтын спортшы қызметте де осы ұстанымын берік сақтайды. Оның күнделікті жұмысы тәртіп, табандылық және өз ісіне адалдық қағидаттарымен үндеседі.

Бауыржан үшін полицей болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – ел тыныштығын күзету, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халыққа адал қызмет ету жолындағы үлкен жауапкершілік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру