Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінде ардагерлердің мерейтойлары аталып өтті
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінде ардагерлердің мерейтойлары аталып өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қылмыстық-атқару жүйесі ардагерлерінің мерейтойларына және Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлеріне кезекті арнаулы атақтарды табыстауға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты кездесу ардагерлерді, қазіргі қызметкерлер мен жас мамандарды бір ортаға жинады. Іс-шара мемлекетке, заңға және қоғамға жылдар бойы адал қызмет еткен азаматтарға құрмет көрсетіп, кәсіби дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығының маңызын айқындады.
Іс-шараға қатысушыларға Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Нұрбек Қабдикаримов құттықтау сөзін арнады.
Бағдарлама барысында ҚАЖ жүйесінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан, көп жылдық кәсіби қызметі өңірдегі жүйе тарихының ажырамас бөлігіне айналған ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді.
Биыл Владимир Кутько — 90, Галина Ахмерова — 80, Евгений Пилипенко — 70 және Талғат Керемкұлов — 60 жасқа толып отыр. Олардың әрқайсысы кәсіби қызмет жолында мол тәжірибе жинақтап, ҚАЖ жүйесінің дамуына өзіндік үлесін қосты.
Владимир Кутьконың қызмет жолы 1961 жылы жалпы режимдегі №7 түзеу колониясында жасақ бастығы қызметінен басталды. Кейін КСРО ІІМ жоғары мектебінде білім алып, түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 1985 жылдан бастап №2 тергеу изоляторын басқарды. 1992 жылы әділет подполковнигі арнаулы атағымен құрметті демалысқа шықты.
Қызмет атқарған жылдары Владимир Макарович жедел және режимдік жұмысты ұйымдастыруға, қызметтік тәртіпті нығайтуға және мекемелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Бүгінде ол ардагерлер қозғалысына белсенді қатысып, ұжыммен байланысын үзбей, өзінің мол кәсіби тәжірибесін жас буынға жеткізіп келеді.
Көп жылғы адал еңбегі, кәсіби біліктілігі және ҚАЖ жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ардагерлер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің “Құрметті ардагер” төсбелгілерімен және грамоталарымен марапатталды.
— Мен үшін қызмет — өмірімнің маңызды бөлігі. Ұзақ жылдар ішінде түрлі жағдайлар болды: қиын жұмыс күндері де, жауапты шешімдер де, атқарған еңбектің нәтижесіне қуанған сәттер де болды. Алайда ең бастысы — барлық уақытта бірге еңбек етіп, бір-бірімізге қолдау көрсеткен әріптестеріміздің жанымызда болғаны. Бүгін өз ісімізді жалғастырып келе жатқан жас қызметкерлерді көру — мен үшін үлкен қуаныш. Оларға қызметтерін абыроймен атқарып, тәлімгерлерін құрметтеп, кәсібилік жылдар бойы қалыптасатынын және тәжірибенің ұрпақтан ұрпаққа берілетінін әрдайым есте сақтауды тілеймін, — деді Владимир Кутько.
— Бүгін біз өздерінің көп жылғы еңбегімен ҚАЖ жүйесінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды құрметтеп отырмыз. Олардың әрбір қызмет жылында жауапкершілік, кәсібилік, өз ісіне деген адалдық және қызметтік борышқа деген беріктік жатыр. Қазіргі буын қызметкерлері үшін ардагерлер — қызметке деген адал көзқарастың үлгісі, ал олардың тәжірибесі — кәсіби дәстүрлеріміздің маңызды бөлігі. Ардагерлерге зор денсаулық, бақ-береке және ұзақ ғұмыр, ал қазіргі қызметкерлерге қызметте табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін, — деп атап өтті Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Нұрбек Қабдикаримов.
Салтанатты іс-шараның жалғасы Абай облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлеріне кезекті арнаулы атақтарды табыстау рәсімімен және Абай облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты.
