Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған полиция қызметкерлеріне арналған ескерткіш ашылды

Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған полиция қызметкерлеріне арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ қаза болған қызметкерлердің туған-туыстары қатысты.

Ескерткіш қызметтік антына адал болып, міндетін соңына дейін абыроймен атқарған азаматтардың есімін ұлықтап, оларды мәңгі есте сақтаудың белгісіне айналды.

Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов қаза болған қызметкерлердің ерлігі бүгінгі полиция қызметкерлері үшін батылдық пен кәсібіне адалдықтың үлгісі екенін атап өтті.

- Бүгін біз жай ғана ескерткіш ашып отырған жоқпыз. Біз ерлігімен, жанқиярлығымен қызметтік міндетін соңына дейін орындаған азаматтардың есімін ұлықтап отырмыз. Олардың өмір жолы әрбір полиция қызметкеріне үлгі. Есімдері ел жадында сақталып, кейінгі ұрпаққа жетуі тиіс, – деді Әділғожа Құсайынов.

Іс-шара барысында қаза болған қызметкерлердің рухына бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Қаза болғандардың туған-туыстары үшін бұл күннің маңызы ерекше. Олардың жақындары Алматы полициясының тарихында өздерінің өшпес ізін қалдырды.

Адамдардың қауіпсіздігін қорғап, қызметтік міндетін атқару жолында өмірін қиған азаматтардың есімі ұмытылмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру