Павлодар облысында тағы бір "Жас сақшы" полиция сыныбы құрылды
Павлодар қаласындағы №41 мектепте "Жас сақшы" полиция сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа сынып оқушылардың әскери-патриоттық тәрбиесін қалыптастыруға, құқықтық мәдениетін арттыруға, тәртібі мен жауапкершілігін нығайтуға, сондай-ақ болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағытталған маңызды алаң болмақ, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сыныпқа 2015 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Арли Харкидің есімі берілді. Салтанатты іс-шара полиция қызметкерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Арнайы сынып оқушылары үшін Арли Харкидің өмір жолы мен қызметтік борышына адалдығы ерлік пен жауапкершіліктің, Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болмақ.

Оқушылардың назарына құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арнайы техникасы мен жарақтандырылуын таныстыруға арналған көрме ұсынылды. Балалар арасында ЖҚАЖ жауынгерлерінің көрсетілімдік өнер көрсетуі ерекше қызығушылық тудырды.
– Осындай сыныптарды ашу – жастарды патриотизмге, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға бағытталған ІІМ-нің маңызды жобаларының бірі. Оқушылар үшін бұл – мектеп қабырғасынан бастап тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсінуге, қызметтің қыр-сырын білуге мүмкіндік. Сонымен қатар батырларымыздың ерлігін ұлықтап, олардың есімін жас ұрпақтың жадында сақтаудың да маңызы зор, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыржан Шәкәрғалиев.
"Жас сақшы" сыныбының оқушылары үшін бұл күн жаңа кезеңнің бастауы болды. Алда оларды түрлі сабақтар, полиция қызметкерлерімен кездесулер, құқық қорғау саласындағы мамандықтармен танысу және патриоттық іс-шараларға қатысу күтіп тұр.

"Жас сақшылар" Арли Харкидің есімін мақтанышпен алып жүріп, өмірінің соңына дейін өз таңдауы мен қызметтік міндетіне адал болған батырдың рухына тағзым етуге уәде берді.

Батырдың есімі Павлодар облысы полиция департаментінің плацында орналасқан қаза тапқан қызметкерлерге арналған Естелік обелискіне қашалып жазылған. Оның ерлігі – табандылықтың, абырой мен Отанға деген адалдықтың үлгісі.
