Павлодарда "Жас сақшы" сыныптары арасында турнир өтті
Павлодар қаласында полиция қызметкерлері "Арлан" спорт клубында "Жас сақшы" сыныптарының қатысушылары арасында спорттық турнир ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарысқа "Ертіс", "Барыс" және "Жас сақшы" атты үш команда қатысты.
Жарыстың алғашқы минуттарынан-ақ спорт алаңында жеңіс үшін тартыс қыза түсті. Жас қатысушылар физикалық дайындығын ғана емес, жылдамдық, ептілік, төзімділік, тапқырлық және бірлесе әрекет ету қабілеттерін де көрсетуі тиіс болды.

Балалар түрлі спорттық және қимылды ойындар бойынша бақ сынасты. Әр кезең қызықты сәттерге, жарқын эмоцияларға және командаластардың белсенді қолдауына толы болды. Мұнда жалығуға орын болмады – қатысушылар бір-біріне жанкүйер болып, командаларын қолдап, әр сынақты көтеріңкі көңіл-күймен еңсерді.
Жарысқа қатысушыларға Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев сөз сөйледі.
– Спорт тәртіпке, жауапкершілікке, жігерлілікке және командада жұмыс істей білуге тәрбиелейді. Бүгін сіздер тек физикалық қабілеттеріңізді ғана емес, өзара көмек, табандылық және жеңіске деген ұмтылыстарыңызды да көрсеттіңіздер. Мұндай қасиеттер әр адам үшін, әсіресе болашақта өмірін қызметпен байланыстырып, қоғам мүддесін қорғағысы келетін жастар үшін маңызды, – деді Жандос Орынбаев.
Барлық сынақтардың қорытындысы бойынша турнир жеңімпаздары анықталды. Финалға дейін командалар жоғары қарқындарын сақтап, жеңіске деген ұмтылыстарынан танбады.
Алтын медаль мен жүлделі бірінші орынды Теренкөл ауылының №2 жалпы білім беретін мектебінің "Барыс" командасы иеленді. Күміс жүлде осы мектептің атынан қатысқан "Ертіс" командасына бұйырды. Үшінші орынды Павлодар қаласындағы №41 жалпы білім беретін мектептің "Жас сақшы" командасы алды.

Командалық есептен бөлек, қатысушылар жеке сынақтарда да өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік алды. Ең жылдам, ең епті және ең күшті қатысушылар анықталды: "Ең жылдам" – "Ертіс" командасының қатысушысы Власенко Данил, "Ең епті" - "Жас сақшы" командасының қатысушысы Ерсайын Айсана және "Ең күшті" – "Жас сақшы" командасының қатысушысы Ахметов Арман.
Жас қатысушылар үшін турнир жай ғана спорттық жарыс емес, қозғалыс, достық және командалық рух мерекесіне айналды. Балалар өз күштерін сынап, жаңа әсер алып, уақыттарын белсенді әрі пайдалы өткізді.
Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың спортқа, тәртіпке және салауатты өмір салтына қызығушылығын арттырып, жауапкершілік пен өзара көмек сезімін қалыптастырады. Сонымен қатар "Жас сақшы" қозғалысының қатысушылары мен полиция қызметкерлері арасындағы достық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
