Жетісуда Бауыржан Ақылбековті еске алуға арналған футбол турнирі өтті
Жетісуда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан милиция сержанты Бауыржан Ақылбековтің рухына тағзым етілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан милиция сержанты Бауыржан Ақылбековті еске алуға арналған ПД қызметкерлері арасында шағын футболдан турнирдің салтанатты ашылуы өтті.
Спорттық шара қызметтік антына адал болып, міндетін соңына дейін абыроймен атқарған әріптестің рухына тағзым етуге арналды. Бауыржан Ақылбековтің ерлігі мен жанқиярлығы полиция ұжымының жадында сақталып, жас буын қызметкерлеріне үлгі болып келеді.
Турнирге қатысушылар спорт арқылы командалық рух пен өзара қолдауды нығайтып, қызметтік жауапкершілік пен борышқа адалдықты дәріптеді.

Турнирдің ашылуында департамент басшылығы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің есімін ұлықтап, олардың ерлігін есте сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Мұндай іс-шаралар спорттық дәстүрлерді нығайтумен қатар, қызметкерлердің бойында жауапкершілік, жолдастық рух және қызметтік борышқа адалдық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бауыржан Ақылбековтің есімі әріптестерінің және заң мен халыққа қызмет етіп жүрген барша қызметкердің жадында мәңгі сақталады.
