Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері интеллектуалдық сайыста бақ сынады

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен қызметкерлер арасында "Не? Қайда? Қашан?" интеллектуалдық сайысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Зияткерлік дода А.С. Пушкин атындағы орталық кітапханада ұйымдастырылып, оған ҚАЖ мекемелерінен жасақталған командалар мен ҚАЖ департаментінің құрама командасы қатысты.

Сайыс "Тарих тағылымы", "Заң мен тәртіп" және "Ұлттық мұра" атты үш кезеңнен тұрды.

Қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихы, "Заң мен тәртіп" қағидаты, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық дүниетанымы бойынша сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар мақал-мәтелдерді жалғастырып, көнерген сөздердің мағынасын ашып, білімдері мен ой ұшқырлығын сынады.

Тартысты өткен сайыста командалар шапшаңдық пен логикалық ойлау қабілеттерін көрсетіп, өзара бақ сынады.

Зияткерлік сайысқа ҚАЖ ардагерлер ұйымының төрағасы Талғат Шәкіұлы, сондай-ақ кітапхана қызметкерлері Данагүл Төлендиева мен Күлзия Молдасанова төрелік етті.

Сайыс қорытындысы бойынша І орынды ҚАЖ департаментінің "Тәртіп сақшылары" командасы иеленді. ІІ орын №37 мекеменің "Заң" командасына, ІІІ орын №60 мекеменің "Дауыл" командасына бұйырды.

Жекелеген номинациялар бойынша "Үздік капитан" атағы әділет майоры Азат Батырбековке, ал "Үздік ойыншы" атағы әділет майоры Сая Кенжеғұловаға берілді.

Мұндай интеллектуалдық сайыстар қызметкерлердің білімін жетілдіріп, командалық жұмысты нығайтуға және тарихи-мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру