Павлодар облысында есірткі граффитіне қарсы профилактикалық рейд өтті
Павлодар облысы Ақсу қаласында есірткі граффитіне қарсы профилактикалық рейд өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері прокуратура өкілдері және еріктілермен бірлесіп, есірткі құралдарының заңсыз айналымын насихаттайтын жазбалар мен бейнелерді анықтау және жолын кесу бағытында профилактикалық рейд өткізді.
– Рейд барысында қала көшелері мен қоғамдық орындарға мониторинг жүргізіліп, есірткі құралдарын жарнамалайтын немесе насихаттайтын, сондай-ақ оларды тарату тәсілдері туралы ақпарат қамтылған жазбалар пайда болуы мүмкін орындарға ерекше назар аударылды, – деп атап өтті қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары Ержан Мурсалимов.
Іс-шараның негізгі мақсаты – құқыққа қайшы мазмұндағы жазбаларды дер кезінде анықтап, жолын кесу және азаматтарға мұндай ақпаратты таратудың құқықтық салдарын түсіндіру.
Рейд барысында тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты ақпаратты орналастыруға, таратуға және ашық қолжетімділікте сақтауға жол берілмейтінін түсіндіріп, мұндай әрекеттер үшін көзделген жауапкершілік туралы ескертті.
Еріктілер жастар арасында қауіпсіздік пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түсіндіру жұмыстарына қатысты.
Полиция Ақсу қаласының тұрғындарын бейжай қалмауға шақырады. Есірткі құралдарын жарнамалайтын жазбалар немесе бейнелер анықталған жағдайда, бұл туралы дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлау қажет.
