Ақтауда темекі тұқылын жерге тастаған тұрғындар жауапқа тартылды
Ақтауда "Таза Қазақстан" іс-шарасы аясында қоғамдық орындардың тазалығына бақылау күшейтілді. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарды анықтап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала аумағына жүргізілген тұрақты мониторинг барысында көшеге қоқыс пен темекі тұқылын тастау, қоғамдық орындарда түкіру және қоршаған ортаны ластауға байланысты бірқатар құқық бұзушылық тіркелді.
Мәселен, 9-шағын аудандағы "Ардагер" сауда орталығының автотұрағында темекі тұқылын жерге тастаған 29 жастағы ер адамның әрекеті бейнебақылау камерасы арқылы анықталды.
Сондай-ақ 32А шағын ауданындағы №14 үйдің алдында тағы бір 29 жастағы ер адам темекі тұқылын қоғамдық орынға тастаған.
Бұдан бөлек, 6-шағын аудандағы мекеме алдында 49 жастағы ер адамның темекі шегіп болғаннан кейін тұқылды көшеге лақтырғаны анықталды.
Аталған фактілер бойынша құқық бұзушылық жасаған азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Полиция тұрғындарды қала тазалығына жауапкершілікпен қарауға және қоғамдық орындарда белгіленген тәртіп талаптарын сақтауға шақырады.
