Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде қылмысқа қарсы күресте оң динамика қалыптасты

Ақтөбе облысы полиция департаментінде жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылып, өңірдегі қылмыстық ахуал мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Есепті кезеңде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 8 пайызға төмендеп, 4321-ден 3976-ға дейін азайған.

Негізгі қылмыс түрлері бойынша да оң динамика байқалады. Атап айтқанда, ұрлық 23,1 пайызға, тонау 19,4 пайызға, интернет-алаяқтық 15,2 пайызға төмендеген. Сонымен қатар көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны азайған.

Қылмыстарды ашу көрсеткіштерінде де оң нәтиже бар. Аса ауыр қылмыстардың ашылуы 100 пайызды құрады. Ауыр және ауырлығы орташа қылмыстарды ашу көрсеткіштері де артқан.

Ақтөбе облысы ПД бастығы Қайыркен Алиев қылмыс деңгейінің төмендеуі статистикалық көрсеткіштермен ғана шектелмей, азаматтардың нақты қауіпсіздігін қамтамасыз етумен ұштасуы тиіс екенін атап өтті.

– Басты міндет – жасалған құқық бұзушылыққа ғана әрекет ету емес, оған алып келетін себептер мен жағдайларды дер кезінде анықтап, олардың алдын алу. Азаматтардың қауіпсіздігі полиция қызметкерлерінен жоғары жауапкершілік пен жеделдікті талап етеді, – деді Қайыркен Алиев.

Полиция жұмысының басым бағыттарының бірі – интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл. Осы бағытта азаматтарды алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы хабардар ету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге басымдық берілуде.

Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы күрес, заңсыз есірткі айналымының жолын кесу және жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Апат қаупі жоғары учаскелердегі бақылауды күшейту, түнгі жарыстар мен қауіпті маневрлердің, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың алдын алу бойынша нақты міндеттер белгіленді. Жол инфрақұрылымына қатысты мәселелерді шешу жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Кеңес қорытындысы бойынша полиция бөлімшелеріне жедел-қызметтік жұмыстың негізгі бағыттары бойынша нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы департамент басшылығының бақылауына алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру