Ақтөбеде полиция GPS-білезіктер арқылы құқық бұзушылықтардың жолын кесті
Ақтөбе облысында полиция есепте тұрған азаматтарға бақылауды күшейту мақсатында заманауи электрондық бақылау құралдарын белсенді қолдануда. GPS-білезіктер азаматтардың орналасқан жерін қашықтан бақылауға және сот белгілеген шектеулердің бұзылуын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері электрондық бақылау құралдарының көмегімен өңірде 30-дан астам құқық бұзушылық анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде бұрын сотталған алты азаматқа қатысты әкімшілік қадағалау мерзімі ұзартылды.
Электрондық бақылаудың тиімділігін көрсететін жағдайлардың бірі – шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған ақтөбелік азаматқа қатысты. 5 қыркүйекте оған электрондық білезік орнатылған. Ал 24 қыркүйекте жүргізілген мониторинг барысында оның тұрғылықты жерінен шығып, басқа мекенжайға барғаны анықталды. Осылайша, азамат сот белгілеген шектеулерді бұзған.
Оның жүрген жерін тексеру барысында учаскелік полиция инспекторы азаматты анықтап, құқық бұзушылық фактісі бойынша тиісті акт жасаған. Қазіргі уақытта оны бас бостандығынан айыру орындарына қайтару мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар жыл басынан бері әкімшілік қадағалау тәртібін бұзған 139 азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 480-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Электрондық бақылау құралдарын қолдану құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сот белгілеген талаптардың орындалуын бақылауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
