Астанада азаматтарға 5 млн теңге көлемінде шығын келтірген күдікті ұсталды
Астана қаласында полиция қызметкерлері модульдік дүңгіршектерді дайындап, орнату сылтауымен азаматтардың ақшасын иемденді деген күдікпен 28 жастағы әйелді анықтап, ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде модульдік құрылымдарды дайындау және орнату қызметтерін ұсынатыны туралы хабарландырулар жариялаған. Қызметке қызығушылық танытқан азаматтар онымен байланысып, жеке кездесулерде жұмыс шарттарын талқылап, қызмет ақысы ретінде ақша берген.
Алайда қаражатты алғаннан кейін әйел түрлі себептерді алға тартып, міндеттемелерін орындауды кейінге қалдырған. Кейін ол азаматтармен байланысын үзген.
Анықталған деректердің бірінде келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрады. Бұдан бөлек, осыған ұқсас тағы төрт дерек тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті еліміздің басқа өңірінде анықталып, ұсталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция азаматтарды интернет арқылы мәміле жасау кезінде сақ болуға, қызмет көрсетушілер туралы ақпаратты алдын ала тексеруге және тиісті құжаттарды рәсімдеп, келісімшарт талаптарын нақтыламай тұрып қомақты қаражат бермеуге шақырады.
