Өрт кезінде арнайы техникаға жол ашу: СҚО-да полицейлер тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, жалға берілетін пәтерлердегі түнгі тыныштықты сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты өзге де мәселелер Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде өткен дөңгелек үстелде талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу облыстық прокуратураның үйлестіруімен өңірдегі криминогендік ахуалды жақсартуға бағытталған жол картасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Жиынға құқық бұзушылықтардың алдын алу саласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Өткен жылдың соңында қабылданған "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңда профилактика субъектілерінің тізімі кеңейтіліп, оған мүлік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері де енгізілген. Сондықтан талқыланған мәселелердің басым бөлігі тұрғындардың күнделікті өміріне қатысты болды.

Кездесу барысында Шухов көшесіндегі мүлік иелері бірлестігінің төрағаларының бірі өрт кезінде үй ауласында көліктердің ретсіз қойылуы салдарынан арнайы техниканың оқиға орнына жете алмағанын айтып, мұндай жағдайда қандай шара қолдану керектігін сұрады.
Полицейлер осындай жағдайларда 102 нөміріне хабарласуға немесе учаскелік полиция инспекторына жүгінуге кеңес берді. Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйдің ортақ чатында көліктерді дұрыс қоюдың маңызын еске салу ұсынылды.
Бұдан бөлек, мүлік иелері бірлестіктері мен кооперативтердің төрағаларына жалға берілетін пәтерлердегі проблемалар мен қолайсыз отбасыларға қатысты жағдайлар туралы тиісті органдарға уақытылы хабарлау ұсынылды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды дер кезінде анықтау қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Бұл бағытта полиция қызметкерлері білім беру, қорғаншылық және қамқоршылық, әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Ал тұрғын үй бірлестіктері мен кооперативтердің төрағалары отбасыларда туындауы мүмкін мәселелерді ертерек байқап, тиісті мамандарға хабарлауға мүмкіндік алады.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар ақпарат алмасуды жеделдету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті. Кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталған адамдар арасындағы қылмыстың, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және интернет-алаяқтықтың алдын алу негізгі бағыттар ретінде белгіленді.
Полиция мәліметінше, жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесінде биылғы тоғыз айда Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 18,4%-ға, көшелерде жасалған қылмыстар 13,5%-ға, ал өтелмеген соттылығы бар адамдар жасаған қылмыстар 10,3%-ға азайған. Қылмыстардың жалпы саны 18,5%-ға, ауыр қылмыстар 3,3%-ға, аса ауыр қылмыстар 4,2%-ға төмендеген.

СҚО ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Александр Розбах "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясындағы ведомствоаралық ынтымақтастық мәселелерді дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
